Жаңалықтар

Kazakhmys Қазақстандағы мыс өндіруші алып кәсіпорын
02 Сәуір 2021 «KAZAKHMYS BARLAU» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ ҒАЛЫМ НҰРЖАНОВПЕН СҰХБАТ

 

Kazakhmys Barlau геологиялық барлау компаниясына жүктелген басты міндеттердің бірі – Қазақмыс ресурстық базасын толықтыру. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің заманауи технологиялары мен әдістері компанияға ресурстық базаны кеңейту үшін ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов «The Eurasian» журналына берген сұхбатында Қазақмыс минералды-шикізат базасының қалай және қандай технологиялар есебінен өндірілетіні туралы айтып берді.   

 

  1. Ғалым Жұмабайұлы, ірі мыс өндірушісінің құрылымында Kazakhmys Barlau компаниясын құру Қазақмыс корпорациясының негізгі қызмет өңірлеріндегі минералдық-шикізат базасын толықтыру  мақсатына қол жеткізуге бағытталған. Компания алдына қойылған міндеттерді шешу үшін қандай тәсілдер қолданады?

 

Kazakhmys Barlau-да геологиялық барлау жобаларын іске асыруға біз бизнестегі көзқараспен қараймыз – бірінші кезекте тау-кен металлургия кешені үшін барынша тиімділік тұрғысынан жаңа перспективалы учаскелерді қарастырамыз. Бұл ретте перспективалы учаскелерді зерттеу геологиялық құрылыс туралы қазіргі заманғы ғылыми тұжырымдамалармен негізделеді.  

    Ең алдымен, біз геологиялық-геофизикалық деректерді тұжырымдаудың және геологиялық объектілерді модельдеудің заманауи әдістері мен технологияларының кең спектрін қолдана отырып, жинақталған тарихи ақпаратқа кешенді талдау жүргіземіз. Бүгінгі күнде компанияны сейсмикалық барлау деректерін түсіндіру мүмкіндіктерімен күшейту мәселесін де пысықтап жатырмыз.

    Бұл бізге алдыңғы буынның тарихи деректерін қайта зерделеу кезінде бұрын жіберіп алған қызықты және перспективалы учаскелерді анықтауға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Кейін оларды кешенді зерттеу үшін геологиялық барлау жұмыстарының оңтайлы және жеткілікті кешенін анықтаймыз және жобалаймыз.

Біз бұрын естіп-көрмеген жаңалықтар ашып жатқан жоқпыз, әрине, алайда қазіргі заманғы ғылыми-техникалық әлеуетті қолдана отырып, жинақталған және жаңадан алынған ақпаратты барынша пайдалануға тырысамыз.

Геологиялық барлау жұмыстары бағдарламаларын дайындаудан бастап оларды іске асыруға дейінгі жұмыстарды орындаудың барлық кезеңдерінде біздің компания жақын және алыс шетелдердің ғылыми-өндірістік ұйымдарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Мысалы, 2020 жылдан бастап геологиялық-әдістемелік мәселелерді шешу және кен орындарын болжаудың, іздеудің, бағалау мен барлаудың ғылыми негізін құру үшін Мәскеу қ. Орталық түсті және бағалы металдар ғылыми-зерттеу институтымен (ОТБМҒЗИ) ынтымақтастықта жұмыс жүргізіліп жатыр.   

Зертханалық талдаудың дәлме-дәл түрлерін жүргізу үшін ALS және SGS сияқты брендтердің әлемге әйгілі зертханалары пайдаланылады.

Қазіргі таңда Kazakhmys Barlau Қазақмыс Холдингісінің Қарағанды облысындағы өнеркәсіптік кен өндірістері шоғырланған өңірлерде және біз үшін жаңа Қостанай өңірінде орналасқан 15 инвестициялық іздестіру учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстарының кешенін орындайды.

Компаниямыз Қазақмыстың кен орындарында заманауи жабдықтар мен геологиялық барлау технологияларын қолдана отырып, қапталдар мен терең қабаттарды жете зерттеу үшін геологиялық барлау және пайдалану деректеріне жан-жақты талдау жүргізеді, сондай-ақ Холдингтің, бірінші кезекте, Сәтбаев, Балқаш және Жезқазған моноқалалары аудандарында минералдық-шикізат базасын кеңейтуге ықпал етеді.

Бұдан басқа, 2021 жылы үйінді шаруашылығы мен қалдық қоймаларының ТМТ қайта өңдеудің орындылығы мен мүмкіндігін зерделеу бойынша жұмыстар басталды, өйткені бұрын қолданылған кенді байыту технологиялары негізгі және ілеспе пайдалы компоненттерді, оның ішінде кен және металлургия өндірістерінің қалдықтарында жинақталған сирек кездесетін және бағалы металдарды толық алуға қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бермейтіні құпия емес. Бүгінгі таңда осындай технологиялық мүмкіндіктер пайда болды, және Kazakhmys Barlau барлау мен қайта әзірлеудің орындылығын бағалау мақсатында Қазақмыстың барлық ТМТ ревизиясын бастады.

Жалпы алғанда, геологиялық барлауға 2021 жылға жоспарланған инвестициялар шамамен 9 млрд. теңгені құрайды – бұл өткен жылдың көрсеткішінен 1,5 есе артық және бұл шегі емес, өйткені біздің мақсатымыз –әрекеттегі кен-металлургия өндірістерінің қажеттілігін барынша сапалы минералды шикізатпен қамтамасыз ету және кәсіпорындарымыз бен моноқалалардың өмірін кемінде 50-70 жылға ұзарту.

 

 

 

  1. Сіздің компанияңыз ірі геологиялық барлау жобасын – Жезқазған  кен ауданын зерттеуді іске асыруға кірісті. Қазақстандағы ең ірі мыс кен орнын жаңғырту бойынша перспективаларды қаншалықты бағалайсыз?

 

Жезқазған аймағы өткен ғасырдың 20-жылдарында игеріле бастады. Бұл уақытты қажет ететін және ұзақ процесс болды. Жезқазған кен орны КСРО минералды-шикізат кешенінің көшбасшыларының бірі болды. Мыс алыбының ашылуы және игерілуі ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ол Жезқазған аймағын ең бай мыс өңірі деп санаған.

 Алайда, негізгі кен қабаттары табылып, Жезқазған кен орны қарқынды пайдалануға берілгеннен кейін Жезқазған кенді ауданында геологиялық барлау жұмыстары мезгіл сайын немесе жекелеген кен көріністерінде фрагменттік түрде жүргізілді. Қаныш Имантайұлының қызы, көрнекті геолог М.Қ. Сәтбаева анықтаған Жезқазған кен орнының терең деңгейжиектерінде мыс пен күміс кен орындарын табу перспективаларының мәселелері шешілмеген күйінде қалып отыр.

Біздің компания құрылған сәттен бастап біз осы үлкен жобаны – Жезқазған кен ауданын толық зерттеуді іске асыруға кірістік. Барлық қолда бар геологиялық материалдарды тексеру, геологиялық-геофизикалық деректерді қайта түсіндіру және перспективаларды қайта бағалау үшін Болжамдық-ревизиялық жұмыстар департаменті арнайы құрылды.

Өткен жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Жезқазған, Жаман-Айбат, Жыланды тобы кен орындарының қапталдарында және терең деңгейжиектерінде іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ұсынымдар жасалды.

Қорлардың күтілетін көлемдеріне келетін болсақ, жаңа технологияларды, өңдеудің заманауи құралдарын және жоғары дәлдікті геологиялық барлау жұмыстарын қолданудың арқасында біз «екінші Жезқазғанды» табамыз деп үміттенеміз, тіпті болмағанда, белгілі Итауыз кен орнының мысалында кен орны көлемінде қорлардың өсімін аламыз деп сенеміз. 

 

 

 

  1. Осы жылы Жезқазған аймағын зерттеуде қандай жұмыс түрлерін жүргізуді жоспарлап отырсыздар және ол үшін қандай инвестиция көлемі қарастырылған?

 

Ағымдағы жылы біз Жезқазған кенді ауданын кешенді зерттеу бағдарламасына сәйкес жобаны іске асырудың 1 кезеңін бастаймыз. Бұл мақсатқа шамамен 2 млрд. теңге бөлінді. Біз әзірлеген бағдарлама озық геологиялық-геофизикалық зерттеулер кешенін көздейді. Бұл жерді қашықтықтан зондтау, инновациялық әдістерді қолданумен аэрогеофизикалық жұмыстар, жоғары дәлдікті гравибарлау, сейсмикалық барлау және электрбарлау жұмыстары, геохимиялық зерттеулер және Жезқазған кен орны мен Жыланды кен орындары тобының қапталдары мен терең деңгейжиектеріндегі бұрғылау жұмыстары.

Біз Жезқазған кенді ауданының болашағын барынша негізді бағалау үшін Жезқазған кен орны мен Жезқазған кенді ауданының эталондық геологиялық-геофизикалық моделін құруды жоспарлап отырмыз.  

Бұл үлкен және еңбекті көп қажет ететін жұмыс: біз барлық кезеңдердегі жұмыстарды бірыңғай дерекқорға біріктіріп, оны заманауи геологиялық барлау деректерімен толықтыруымыз керек, содан кейін Жезқазған кенді ауданының геологиялық-геофизикалық моделін жасауымыз керек, оны осы типтегі кен орындарын одан әрі іздеуде эталон ретінде пайдалануға болады. Және, нәтижесінде, біз Жезқазған кенді ауданының болашағы туралы түпкілікті шешім қабылдауымыз керек.

 

 

 

  1. Ірі геологиялық барлау жобаларын іске асыру тиімді өнеркәсіптік инфрақұрылымды талап етеді. Компанияның өндірістік қуатын арттыру бойынша жоспарлары қандай?

 

Компанияның өндірістік кешендері бүгінде Қазақстанның екі қаласында – Қарағанды және Жезқазған қалаларында шоғырланған. Бұл өндірістік алаңдар бізге осы аймақтардағы өндірістік жұмыстардың барлық циклін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Біздің компания басқалармен салыстырғанда жас, бірақ қазірдің өзінде бізде жоғары технологиялық және сенімді кен техникасы мен көлік паркі бар, оны біздің алдымызда тұрған геологиялық міндеттерге сүйене отырып толықтыру және кеңейту жоспарлануда. Тек 2020 жылдың желтоқсанында ғана геологиялық барлау жобаларын іске асыру үшін 4 жаңа бұрғылау қондырғысы, 33 бірлік жаңа арнайы техника және қосалқы көлік сатып алынды.

Компанияның геологиялық барлау қызметі жынысөзек құжаттамасына арналған арнайы мобильді вагондармен және камералдық жұмыстарды тікелей жұмыс учаскелерінде жүргізуге арналған спутниктік байланыспен жабдықталған кеңсе-вагондармен қамтамасыз етіледі.

Біздің негізгі активтеріміздің өнімділігін арттыру үшін біз бұрыннан қалған тозған өндірістік жабдықтарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын орындаймыз. Осылайша, біз 3 бұрғылау қондырғысына күрделі жөндеу жүргіздік, олардың пайдалану мерзімі 12 жылдан асты, далалық мобильді лагерьлерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз.  

Өткен жылы сатып алынған бұрынғы «Жезқазғангеология» АҚ экспедициялық базасы біздің компанияның басты жетістігі деп санаймын. Бұл КСРО-ның белгілі және көне геологиялық кәсіпорны – Жезқазған кешенді геологиялық барлау экспедициясының алаңы, шын мәнінде, бұл алаңның маңызды геологиялық жаңалықтары мен жетістіктерінің ғасырлық тарихы бар. Бүгін біз оны қалпына келтіріп, жандандыруға  тырмысып жатырмыз.   

Біз осы алаң негізінде Kazakhmys Barlau Геологиялық кластерін құру мақсатын алдымызға қойдық. Кластерді жобалау кезінде біз геологиялық ұйымдардың, жынысөзек қоймаларының және талдау зертханаларының құрылысы мен жабдықтары саласындағы ең заманауи және озық тәжірибелерді ескереміз. Зертхана туралы айтатын болсақ, дәл осы алаңда аналитикалық зерттеулер саласындағы әлемдік көшбасшы – швейцариялық SGS компаниясының қатысуымен сертификатталған зертхана салу жоспарлануда.    

 

 

 

  1. Сіздің компанияңыз Қазақстандағы геологиялық барлауда озық технологияларды қолдануда көшбасшы болуға ұмтылады. Компанияның негізгі сандық жобалары туралы айтып бересіз бе?

 

Біз басынан бастап геологиялық барлау деректерін цифрлық жинау, сақтау және өңдеу технологиясына сүйендік. Қазір Kazakhmys Barlau электрондық геологиялық құжаттаманы, геологиялық материалдарды цифрлауды және геологиялық барлау деректерінің цифрлық базаларын құруды, электрондық карта жасау мен модельдеуді, жедел байланыс және ақпарат беру құралдарын белсенді түрде енгізуде.

Біздің іздестіру учаскелеріміз спутниктік байланыспен қамтамасыз етілген, бұл геологиялық барлау жұмыстарының барысы туралы ақпаратпен жедел алмасуға мүмкіндік береді. Алаңдағы геологтер кез келген уақытта материалдарды орталық кеңсеге жіберіп, кері байланыс ала алады. Жасыратыны жоқ, жобалық шешімдерді орындау кезінде, ең алдымен, іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде белгілі бір икемділік қажет, өйткені жаңа геологиялық мәліметтерге тез жауап беру және жобаларды «ат үстінде» қайта қарау қажет.   

Геологиялық барлау деректерімен жедел алмасу барлау жұмыстарының сапасына әсер етеді, себебі жоба жетекшілері онлайн-режимде далалық геологтердің жұмысын бағалап, түзете алады.

Спутниктік байланыс кез келген жағдайда қажет – жаңа технологиялардың жұмысын сапалы байланыссыз елестету мүмкін емес.

Біздің компанияның техникалық мүмкіндіктері жыл бойына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді, дегенмен осы бағытта жұмыс істейтін көптеген компаниялар белгілі бір маусымға және ауа райына бейімделуге мәжбүр.

 

 

 

  1. Биржалар мен халықаралық банктер тау-кен және геологиялық барлау компанияларына олардың қызметі мен есептілігі Халықаралық стандарттарға сәйкес келген кезде ғана сенеді. Kazakhmys Barlau жұмысында есептіліктің жаңа стандарттарына көшу қалай көрсетіледі?

 

Біз халықаралық стандарттарға көшудің маңыздылығын және бұл ретте қандай перспективалар ашылатынын түсінеміз, сондықтан біздің компания жаңа есептер жүйесімен жұмыс істеуге толық дайын.

Бұл бағытта біз жүргізетін геологиялық барлау жұмыстарының барлық түрлерін қамтитын халықаралық стандарттарға сәйкес өзіміздің стандарттарымызды әзірледік және бекіттік. Бұдан басқа, біз құзыретті тұлғалармен ынтымақтасамыз – олар біздің инвестициялық жобаларымызда QA\QC сапасына тәуелсіз бақылау жүргізеді. Мұндай тәжірибе геологиялық барлау жұмыстарының сапасын бақылау және қамтамасыз ету бөлігінде барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

 

 

 

  1. Компанияда кадрлар мәселесі туындайды ма? Компания адами ресурстар саласындағы жұмыс процесін қалай құрады?

 

Нарықта мықты позицияларға ие болу үшін барлау компанияларының тек жақсы өндірістік қуатқа ие болуы жеткіліксіз. Кадрлар әрқашан маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда жоғары білікті кадрларда тапшылық бар және бұған көптеген факторлар ықпал етеді: жас мамандарды ЖОО-да даярлау деңгейі төмендеді, өндірістің ғылыми және білім беру мекемелерімен байланысы жоғалды немесе әлсіреді.  

Біздің штатымызда кен, геологиялық, техникалық және жұмысшы мамандықтарының 300-ден астам жұмыскері бар. Бұл біздің мақсаттарымызға жету үшін үлкен ресурс. Басшы ретінде мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Біз өз жұмыскерлерімізге оқыту курстарын, семинарларды ұйымдастыру есебінен өз біліктілігін арттыруға және дамуға көмектесеміз. Ал геологиялық мамандықтарды дәріптеуді мектеп қабырғасынан бастап – жалпы білім беретін мектептер жанынан жас геологтер үйірмелерін құру есебінен қалыптастырудамыз. 

Біз қазақстандық жоғары оқу орындарымен және колледждерімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз, студенттерді өндірістік практикадан өтуге шақырамыз. Үздік студенттерді кадрлар резервіне аламыз, ал олар диплом алғаннан кейін жұмысқа шақырылады. Жас мамандар үшін бұл кәсіби мансабын бастаудың бірегей мүмкіндігі деп санаймын.

 

Жаңалықтар тізіміне оралу
Сәтбаев
Жезқазған алаңында
Жезқазған алаңында негізгі 10 өндірістік нысан мен бірқатар қосымша цехтар мен мекемелер орналасқан. Оның құрамында -4 кеніш, 3 байыту фабрикасы және 1 ЖЭО бар. Қазақмыс тобының осы алаңдағы өндіріс орындарында 24 мың адам жұмыс атқара
Жезқазған
Жезқазған алаңында
Жезқазған алаңында негізгі 10 өндірістік нысан мен бірқатар қосымша цехтар мен мекемелер орналасқан. Оның құрамында -4 кеніш, 3 байыту фабрикасы және 1 ЖЭО бар. Қазақмыс тобының осы алаңдағы өндіріс орындарында 24 мың адам жұмыс атқара
Павлодар
Павлодарская площадка
Насчитывает два крупных промышленных объекта. Один из них – Экибастузская ГРЭС-1, 50% которой принадлежат Группе Казахмыс. Второй – строящийся рудник открытого типа Бозшаколь, крупнейший горнорудный проект на постсоветском пространстве как по масштабам, так и по объему добычи.
Қарағанды
Қарағанды алаңында
Қарағанды алаңында 11 өндірістік нысан шоғырланған. Оның құрамында 4 кеніш, 2 байыту фабрикасы, 2 көмір кесінділері , 2 зауыт және 1 БТЭС бар.
Балқаш
Балқаш алаңында
Балқаш алаңында негізгі 6 өндірістік нысан мен бірқатар қосымша цехтар мен мекемелер орналасқан. Оның құрамында – 3 кеніш,1 байыту фабрикасы, 1 мыс зауыты және 1 ЖЭО бар. Қазақмыс тобының осы алаңдағы өндіріс орындарында 10 мың адам жұмы
Өскемен
Восточная площадка
Насчитывает 9 основных промышленных объектов и ряд вспомогательных цехов и предприятий. В числе первых - 5 рудников, 4 обогатительные фабрики.Здесь на предприятиях Группы Казахмыс работает порядка 7 тысяч человек.