Жаңалықтар
Дәстүр бойынша, жылдың ең қысқа күні, 22 желтоқсанда біз ең жарқын мамандық өкілдерінің бірі – энергетиктерге құрмет көрсетеміз. Олардың тынбай еңбек етуінің арқасында үйіміз жылы, әрі жарық, біздің өміріміздің мәнді де сәнді болуына олардың қосар үлесі зор. Бүгінгі таңда, яғни жоғары технологиялар дамыған заманда электр қуатымен үздіксіз жабдықтау аса жоғары мәртебеге ие болып, бүкіл әлемнің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды факторға айналды.
Сондықтан техникалық ақаулар болған жағдайда күндіз-түні тыным таппай, жаңбыр мен аязда, қар мен желде күш-жігерлерін аямай, желідегі сымдардың үзілуін жедел жөндеп, жылу трассалары мен өнеркәсіптік кәсіпорындардағы апаттарды жоятын энергетиктерге деген құрметіміз шексіз.
Әріптестері мен достары арасында еңбегі құрмет пен ілтипатқа бөленген осындай мамандардың бірі – «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС БМЗ мыс электролизі цехының электр қызметі электрмонтерлерінің VI разрядтағы бригадирі Сағат Қосыманұлы Тосбаев. Сағат Тосбаевтың бүкіл саналы өмірі энергетикамен байланысты. Ол еңбек жолын 1999 жылы БТMK-ның мыс электролиз цехында электр жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша электрмонтер ретінде бастаған. Содан бері оның энергетика саласында еңбек еткеніне 20 жылдан астам уақыт өтті. Цехтың электр қызметінде жұмыс істеген жылдары ол электр жабдықтарының барлық техникалық сипаттамаларын зерттеп, өз ісінің хас шеберіне айналды. Оның бойынан бүгінгі күнге дейін жұмысқа деген құштарлық пен қызығушылық байқауға болады. Ол бірнеше жыл қатарынан цехтың электр қызметі электрмонтерлерінің бригадирі қызметін атқарып келеді. Балқаш мыс қорыту зауытының құрылымындағы мыс электролизі цехы негізгі цехтардың бірі болып табылады, дәл осы жерде жоғары сапалы катодты мыс шығарылады. Цехтың барлық жабдықтарының, атап айтар болсақ цехтағы 23 көпірлі кранның, электролиз ванналарындағы электр тізбектерінің, айналым сорғыларының үздіксіз жұмыс істеуі және бүкіл цехты электр қуатымен қамтамасыз ету осы цехтың электр қызметінің мойнында. Қарбалас жұмыс, дереу әрекетке даяр болу, штаттан тыс жағдайларда дұрыс шешім қабылдау– мұның бәрі энергетиктер жұмысының ерекше жауапты және күрделі екенін көрсетеді. Сағат Қосыманұлы Тосбаев бастаған электрмонтерлер бригадасы өндірістегі барлық міндеттерді «үздік» орындап, түрлі қиындықтарға төтеп береді. Сонымен қатар, Сағат аға жастардың тәлімгері. Ол өзінің бойындағы бай тәжірибесімен бөлісе отырып, аға буынның, энергетиктер ұрпағының даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырып келе жатқан электрмонтерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды.
«Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС - ауқымды, күрделі және көп қырлы энергетикалық кешен. БАҚ бетінде оның «бейнесін» толық көрсету мүмкін емес. Сол себепті бұл Сағат Косыманұлы Тосбаевтың еңбегі жайлы шағын сипаттама – бұл портреттің тек бір қыры ғана.
Ляззат Смағұлова
Балқаш
Автордың суреті